Анимациялық фильмдер қатары тағы бір сүбелі туындымен толықпақ



Все видео канала Khabar Old channel2015-09-08 11:55

«Сақ» киностудиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» толықметражды фильмі балаларды тарих әлеміне жетелейді.

Бұл туынды Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап, ер жетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі өмір жолын суреттейді.

Фильмде қазақ жерінің әсем табиғаты, сол замандағы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сияқты ірі қалалар 3Д форматы арқылы қызықты етіп көрсетіледі.

Көркем туындының кеңесшісі – тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбай, ал әдеби кеңесшісі – жазушы-драматург Дулат Исабеков. «Фильмнің мақсаты – балалардың тарихты біліп, тарихи тұлғаларға еліктеу арқылы өз Отанының патриоты болып қалыптасуына ықпал ету», – дейді фильм авторлары.

Сағаділда Үсібәлі, сценарист

-Ол өзінің ұлтының бір замандарда үлкен өркениетке үлкен үлес қосқанын біліп өсуі керек. Және біздің тек қана далалық мәдениет қана емес, қалалық мәдениеттің де болғанын біліп өсуі керек.

Батырхан Дәуренбеков, режиссер

-Кішкентай балалардың Қарт батыр ұстазынан қалай қылыштасуды үйренуді, қалай садақ тартуды үйренуді, қалай атқа мініп шабуды үйренуді бәрін көрсете келіп, Отырарға барып, ғұлама ұстаздардан білім алып, еліне оралып, батыр атанады. Елдің басын біріктіріп, хан көтергенге дейін біз алып барамыз.